Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатында 27 қазан «Аналар академиясының» ұйымдастыруымен «Мейірімді әлем» атты қайырымдылық іс-шарасы өткізілді. Мақсаты: ата-аналар арқылы оқушылардың бойына ізгілік пен жақсылықтың дәнін егу, адамгершілікке баулу, мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайту, оқушы-ата-ана арасындағы Үштік Одақтың байланысын нығайту көзделді. Сондай-ақ, қайырымдылық іс-шарасынан түскен қаражат Сапарнияз Алтынайдың еміне жұмсалатыны туралы ақпарат берілді. Мерекелік бағдарлама лицей-интернат директоры – Бегімбай Меруерт Тілектесқызының құттықтауымен басталды. Аналар академиясының төрайымы – Имангалиева Гауһар, «Қамқоршылық кеңесінің» мүшесі – Дәуренбекова Раиса апай ата-аналық ақ тілегін арнаса, директордың қоғамдық істер жөніндегі орынбасары – Игенбаев Нұржан ағай қайырымдылық іс-шарасына белсенді қатысып жатқан ата-аналарға алғысын білдірді. Іс-шара «Айша бибі арулары» би үйірмесінің қыздары «Қазақ аруы» биін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сондай-ақ, 8 «Б» сынып оқушылары «Мейірімділік шуағы» тақырыбында өлең шумақтарын арнады, 7 «Б» сынып оқушылары «Дәстүрлі әндер» топтамасымен ән арнаса, 8 «С» сынып оқушылары замануи биімен жәрмеңкеге келушілерге көңілді күй сыйлады. Мерекелік бағдарлама аясында жүргізуші қыздарымыз – Жанұзақ Еңлік пен Жұмабек Камилла «бүгінгі қайырымдылық жәрмеңкесінен түскен барлық қаражат Сапарнияз Алтынайдың еміне жұмсалады. Алтынайға церебральді киста диагнозы қойылып, қазіргі уақытта ем қабылдап жатыр. Алтынай қызымыздың дертіне дауа табылып, тез сауығып кетуіне шынайы тілектестігімізді білдіреміз» деп ізгі ниетімізді білдіріп отырды.
Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатында 4 маусым мемлекеттік рәміздер күніне орай «Мемлекеттік Гимннің» орындалуы туралы бірыңғай салтанатты жиын өтті. Мақсаты: ұжым қызметкерлері мен оқушылардың мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыру, Отансүйгіш рухын ояту. Салтанатты жиын лицей-интернат директоры Болтаев Нұрбақыт Бекназарұлының құттықтауымен, АӘД пән мұғалімі – Татбаев Сәкеннің мемлекеттік Туды ортаға алып келуімен, арнайы бұйрықтың берілуімен басталды. Жанарында қуаныш, көңілінде тыныштық, жүректерінде Отанға деген құрметі жоғары азаматтардың орындауындағы Мемлекеттік Гимн аспан көгіне шарықтап жатты. Педагог-ұйымдастырушы – Ибраймова Айгүл Сайлауқызы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Тәуелсіздігіміздің тірегі болған мемлекеттік рәміздерміздің тұғыры биік болғай!
Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатында мамыр айының 5 жұлдызында «ДОСТЫҚ КҮНІ» мерекесіне орай «Достық көңіл бәрінен қымбат...» тақырыбында мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Мақсаты – оқушылар мен ұстаздар, ұжым қызметкерлері, тәрбиешілер, кіші қызметкерлер, әкімшілік арасындағы қарым-қатынасты нығайту, өзара сыйластықты арттыру. Мерекелік бағдарлама лицей-интернат директоры – Болтаев Нұрбақыт Бекназарұлының құттықтау сөзімен басталды.
Бағдарлама аясында жеребе арқылы 7-11 сынып пен ұжым қызметкерлері арасында «Тәтті себет» сыйлығы ұсынылды. Атап айтқанда: әкімшілік ұжымы – 7 «С» сыныбына, 8 «Б» сыныбы – 11 «А» сыныбына, Қоғамдық пәндер кафедрасы – 11 «Б» сыныбына, Лингвистикалық тіл пәндері кафедрасы – 9 «А» сыныбына, 9 «Б» сыныбы – 7 «Б» сыныбына, 10 «С» сыныбы – қоғамдық пәндер кафедрасына, 10 «А» сыныбы - Лингвистикалық тіл пәндері кафедрасына, 10 «Б» сыныбы – Спорт және өнер кафедрасына, 11 «А» сыныбы – аспазшылар ұжымына, Жаратылыстану пәндер кафедрасы – 10 «С» сыныбына, 7 «А» сыныбы – тәрбиешілер тобына, 9 «С» сыныбы – 10 «А» сыныбына, 7 «С» сыныбы – кіші қызметкерлер ұжымына, 11 «Б» сыныбы – мүғалімдерге, 7 «Б» сыныбы – қызметкер ағайларға, аспазшылар ұжымы - 7 «А» сыныбына, 8 «А» сыныбы – 10 «Б» сыныбына, 9 «А» сыныбы – әкімшілік ұжымына, тәрбиешілер қауымы – 9 «Б» сыныбына, кіші қызметкерлер апайлар қауымы – 8 «А» сыныбына, кіші қызметкерлер ағайлар ұжымы – 8 «Б» сыныбына, Спорт және өнер кафедрасы – 9 «С» сыныбына «Тәтті себет» сыйлады. Мерекелік бағдарлама аясында әуезді ән мен сахналық қойылым, мың бұралған бишілер биі көпшіліктің көңілінен шықты. Сондай-ақ, оқу ғимаратында «Достық көңіл» ақ тілектер лебізін білдіретін қорап қойылды. Достық мерекесімен құттықтап, бір-біріне деген шынайы көңілі мен ыстық ықыластарын білдірген құттықтау хаттары таратылды, өз иелеріне табысталды. Бағдарлама соңы естелікке суретке түсу, ақ дастархан рәсімімен жалғасын тапты.
Тараз қаласындағы «ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінің» ұйымдастыруымен сәуір айының 26 жұлдызында ағартушы педагог, ақын, жазушы, аудармашы, қоғам қайраткері Ы.Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы қарсаңында «Дала қоңырауы» атты зияткерлік-танымдық сайысы қашықтықтан өткізілді.
Сайыстың мақсаты – оқушылар арасында Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығын насихаттау, әдебиетке деген қызығушылықтарын арттыру, сыни ойлау қабілеттерін, сөз байлықтарын дамыту. Танымдық сайысқа Тараз қаласындағы дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты, Айша бибі БИЛ оқушылары, «Дарын» мектеп-интернаты, Үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектебі, IТ лицей-интернаты және физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі қатысты. Сайысқа лицейіміздің 8-сынып оқушылары - Ақпай Амина Ғайниқызы, Садуахас Жанель Нұрланқызы қатысты. Сайыс 4 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде – оқушылар «Өмір-дерек» айдарымен арнайы тест тапсырмааларына жауап берді. Алғашқы 5 оқушы келесі кезеңге жолдама алды. Екінші кезеңде «Өнер-білім бар жұрттар» – оқушылар арнайы ұяшықтарды таңдай отырып, берілген фото сурет арқылы әңгіме тақырыбы, желісі, сюжеті туралы айту керек. Үшінші кезеңде «Кім жылдам?» - оқушылар арнайы Ыбырайдың нақыл сөздерін ретке келтіріп жазу керек, мағынасын ашып көрсету керек. Төртінші кезеңде – «Жүйелі сөз жүйесін табар...» айдарымен әр оқушыға 5 сөзден беріледі. Сол сөздерді қатыстыра отырып, дайындықсыз 1 минут ішінде жинақы мәтін құрастыру керек. Ұпай санының жоғарылылығымен лицей-интернатымыздың оқушылары - Ақпай Амина Ғайниқызы, Садуахас Жанель Нұрланқызы І Дәрежелі Дипломмен марапатталды. Қыздарымызды кезекті жеңісімен құттықтаймыз.
Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатында сәуір айының 12-19 арасында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы мен Жастар басқармасы, «Жас Отан» партиясының ұйымдастыруымен «QAMQOR» волонтерлық-қайырымдылық жобасы аясында әлеуметтік дүкенге тұрмыстық заттар өткізу шарасы ұйымдастырылды.
Мақсаты: Тараз қаласындағы мұқтаж отбасыларға қажетті киім-кешек, тұрмыстық заттар таратуға арналған қайырымдылық дүкеніне қолдау көрсету, заттар өткізу. Өзін-өзі басқару ұйым мүшелері – Бейсетай Жанерке мен Мырзахмет Аяулым 7-11 сынып оқушыларына «Отбасы - отбасыға көмектеседі» айдарымен хабарландыру жасап, оқушылардан қажетті заттар жинады. Сондай-ақ, директордың бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары – Әзімхан Айзада ұжым мүшелеріне ақпараттық мәлімет бере отырып, қайырымды іс-шараға белсене қатысуға шақырды. Ерікті ұжым мүшелері қайырымдылық шарасына жиналған заттарды арнайы қорапқа салып, қажетті орында өткізіп, көпшіліктің алғына бөленіп қайтты.
Дебат - [ фр. debats - талқылау] - қандай да бір жиылыста, мәжілісте пікірталасу; жарыссөз, айтыс. Парламенттік дебаттар - заң шығару және үкімет іс-әрекеті жөніндегі депутаттар арасындағы пікіралмасудың ресми қалыптасқан тәртібі.
Карл Поппердің дебат форматы - парламенттік дебаттардың бір түрі. Жаңадан ойнап бастаған ойыншыларға ыңғайлы болып саналады. Формат Карл Поппердің есімімен аталған.
Линкольн-Дуглас дебат форматы - атақты Авраам Линкольн мен Стивен Дугластын арасында болған дебаттың құрметіне аталған екі адамдық дебат форматы.
Дебат деген не? «Бұл сұраққа әр түрлі анықтама табуыңыз мүмкін. Бірақ не екенін, соның бір бөлшегі болғаныңызда ғана түсінесіз»,-дейді оқушылардың бірі. Дебат - тәртіп пен тәрбие. Бұл ойында пікір таластыра, сөз жарыстыра отырып, тәртіп сақтайсыз. Дебатқа қадам басқан күннен бастап сөйлеу әдебіңіз сыпайылыққа «сізге» ауысады. Қазақстанда «Дебат» бағдарламасы 1996 жылы жүзеге асты. Бұл бағдарлама тренерлерге арналған тренинг ретінде бастау алды, онда қатысушылар Карл Поппердің пікірталас форматын үйренді. Ол уақытта жаңадан бастаушы дебатшыларға дәл осы формат сәйкес келеді деп саналды. 1994 жылы «Ашық қоғам» институты философ Карл Поппердің идеясы негізінде дебат форматын жасап шықты, қазақстандандықтар әрі қарай тәжірибе жүзінде жүзеге асырып көруге тырысты. Пікірталас мәдениеті Қазақстанда 1997 жылдың соңында қалыптаса бастады. Алғашында дебаттар орыс тілінде өтті, кейіннен қазақ тілінде лигалар құру қажеттілігі туындады – еліміздің өңірлерінен сұраныс басым болды. Бүгінгі білім жүйесіне әлі еніп үлгермеген дағдылар кешені, атап айтқанда, эмоционалды интеллект турасында, өз кезегінде, қарсыласыңды өзге бір деңгейде түсініп, сәйкесінше, ортақ шешімдерге қол жеткізу үшін дұрыс сөз айтып, түзу қадам жасауға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, дебат көп нәрсеге үйретеді, пікірталасу арқылы өз ұстанымыңды қорғап қана қоймай, өзгенің ұстанымын түсінуді үйренесіз. Дебаттар soft skills жақты дамытады, ал бұл – коммуникация, эмпатия, өз ұстанымыңды қорғау, тіпті конфликтологияның базалық дағдылары.
Осындай кірсіпе сөзбен ойымызды жүйелей келе, қазіргі Дебат жастар арасында, студенттер мен оқушылар арасында кеңінен қолданылуда десек, қателеспеспіз. Мысалы, Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатындағы «Дегдар» дебат клубы жүйелі жолға қойылуда. Былтырғы оқу жылында бірнеше жүлделі орындардан бөлек, ЖОО-ның мемлекеттік грантын оқушыларымыз жеңіп алса, биылғы оқу жылының өзінде онлайн форматта бірнеше жеңістерді де қанжыға байлап отыр. Атап айтсақ, соңғы жетістіктің бірі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен 29-30 наурыз күндері өткен «ПАРАСТТЫ ҚОҒАМ – МЕМЛЕКЕТ БОЛАШАҒЫНЫҢ НЕГІЗІ» тақырыбындағы облыстық пікірсайыс турниріне қатысып, Американдық-парламенттік формат \АПФ\ және Линкольн-Дуглас \ЛД\ форматында сөз таластырып, жүлделі І орынды 10-сыныптағы үздік те майталман оқушыларымыз: БАХЫТ АРУЖАН МЕН ҚАЛДАРБЕК ӘЛИЯ иеленіп отыр. Пікірсайыста 8 бағыттағы турнир қарарлары: «Бұл палатаға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті көтеру – әрбір тұлғаның парызы деп есептейді», «Бұл палата Қазақстан Республикасы ҰБТ электронды форматта өткені дұрыс деп есептейді», «Бұл палата әлеуметтік желінің пайдасынан зияны көп деп есептейді», «Бұл палата қазіргі ер – ел қорғаны деп есептейді» тақырыптарындағы қарарлармен толысты. Турнирде Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің құрылтай кеңесінің шешімімен турнирдің Бас төрешісі анықталды және «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің төрешілері төрелік етті. Пікірсайыс өте қызық және тартымды өтті, ұйымдастырушы кісілерге алғысымыз шексіз.
Адамның денсаулығы - қоғам байлығы, Әрбір адам өзінің денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек. Дені сау адамның көңіл-күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кіріседі. Осы орайда «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық қоғамдық қоры «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қыздар арасындағы волейбол турнирін ұйымдастырды. Турнирдің мақсаты мен міндеттері:
- Елбасының Қазақстан халқына жолдауындағы көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру;
- оқушылар мен ұстаздар арасындағы ынтымақтастық пен достық қарым-қатынастарын нығайту;
- Оқушылар арасында дене тәрбиесі және спортпен шұғылдану арқылы салауатты өмір салтын насихаттау.
БИЛ-дер арасында ұйымдастырылған турнирге жалпы алғанда 6 команда қатысты. «Tarazkiz», «SHYmkent», «JIC», «Karagandy», «Aktobe», «Nurorda» қыздар командасы өз арасында тартысты ойын өткізді. Байқау кезеңдеріне сай ұпай санын қорытындылап алғанда, І орын – Айша бибі БИЛ қыздар лицейі, ІІ орын – Шымкент қыздар лицейі, JIC, ІІІ орын – Қарағанды қыздар лицейі, Ақтөбе қыздар лицейі, Қарағанды қыздар лицейі иеленді, арнайы мадақтамамен марапатталды. Жеңіс тұғырынан көрінген қыздарымызды - Ақынбекқызы Ақжан, Қадырхан Диана, Мырзахмет Аяулым, Шымыр Балауса, Қалдыбек Айдана, Алимкулова Арай, Байтуғанова Мадина, Давлетова Айдана, Ержігіт Нұрайымды кезекті жеңісімен құттықтаймыз.
Халықты халықпен, адамды адаммен
теңестіретін - білім
Мұхтар Омарханұлы Әуезов
Дарын – адам бойындағы асқан талант, ерекше қабілет. Яғни, дарынды бала –асқан таланттың иесі. Баланы заманына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін оның санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беру қажеттілігін әр мұғалім осыдан-ақ түсінуі керек. Ол үшін дарынды оқушымен жұмыстың әлеуметтік қажеттілігін сезінуі, нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай ізденуі, жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылуы, ата-анасымен тығыз байланыс орнатуы, оқушымен жиі қарым-қатынаста болуы сияқты талаптарды орындайды. Ж.Руссо баланың өз бетінше білім-танымдық, шығармашылық әрекет идеясына үлкен мән берді. Ж.Руссо дидактикасында оқыту үрдісінде ең бірінші орынға танымдық қабілеттілікті, белсенділік пен өзбеттілік ұстанымдарның маңыздылығына көңіл бөлді. Міржақып Дулатов қазақ арасында көбіне көзге түспей, түссе де еленбей жүрген ғылым-білімге, өнерге зерек, дарынды балаларды оқытып тәрбиелеудің мәні жайында сөз ете келіп, дарындылықтың кейбір психологиялық астарына үңіледі. Ол «Туысында қанша зеректік болса да – ғылымсыз, тәрбиесіз кемеліне жетпейді. Кімде-кім өзінің табиғатында не нәрсеге шеберлік барын сезіп, өз жолына түссе ғана, көзге айнытпай сала білсе, жақсы жазушы да адамның ішкі сырын, мінезін, әдетін бұлжытпай көрсете біледі, оқығанда көріп тұрғандай боласың...» деп түйіндейді. Ресей психологтері дарындылық жайлы төменгідей анықтама береді: «Дарындылық – психиканың жүйелі, өмір бойы дамитын қасиеті. Ол басқа адамдармен салыстырғанда іс-әрекетттің бір немесе бірнеше түрінде адамдарың ең жоғары нәтижеге жету мүмкіндігін анықтайды».
Әр мұғалімнің басты міндеті – рухани бай, жан-жақты дамыған, дарынды, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына мемлекеттік саясат негізінде ең алғаш рет «Әр баланың қабілетіне қарай, интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын дамыту» сияқты өзекті мәселелер енгізіп отырғаны белгілі. Дарынды балаларға білім беруді әр ғылымның бүгінгі дәрежесіне сәйкес жүргізу бір жағынан қоғамға талантты мамандар даярлауда тиімді болса, екінші жағынан қоғамға ерекше дарынды балалардың тек өзінің интеллектуалдық дамуын қамтамасыз етеді. Алайда «Бұлақ көрсең көзін аш», – демекші осындай баланың бойындағы дарындылық қасиетін дамыту көбіне мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне байланысты екендігі айдан анық. Дарындылық – жеке тұлғаның өте күрделі, көп аспектілі қыры. Олар әр түрлі, бір – біріне ұқсамайды. Дарынды баланы байқамау мүмкін емес, көпшіліктің ортасында ол өзінің іс – әрекетімен, бейімділігімен, қабілеттілігімен ерекше көзге түседі. Демек, оқушылардың пәндік олимпиадаға, ғылыми зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту, функционалды сауатты тұлға қалыптастыру, қазіргі техниканы тиімді пайдалану мәдениетіне тәрбиелеу – мектептің басты бағыттарының бірі.
2020-2021 оқу жылында «Дарын» Республикалық орталығы ақпан айының 22-26 жұлдызы аралығында республикалық пәндік олимпиадасының облыстық кезеңін өткізді. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білімі мен практикалық іскерлігін тереңдету, жеке тұлғаның өз бетінше дамуына ықпал ету, дарынды балаларды анықтау, халықаралық олимпиадаға қатысатын оқушыларды іріктеу және даярлау үшін қажетті жағдайлар жасау, оқушылардың білімге қызығушылығын арттыру мақсатын басшылыққа ала отырып, жұмыс барысын жүйелі ұйымдастырды.
Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының дарынды оқушыларының пәндік олимпиада бойынша жетістіктеріне тоқталсақ, жалпы алғанда облыстық пәндік олимпиадаға 68 оқушы мектепішілік іріктеу кезеңінен өтіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Жеңімпаздар тұғырына 37 оқушы шықты. Атап айтқанда, қазақ тілі пәні бойынша: Жанұзақ Еңлік 9-сынып – І орын, жетекшісі - М.Налибаева; Ыдырыс Аружан 11-сынып – ІІ орын, жетекшісі – Г.Сегізбаева; орыс тілі пәні бойынша: Асан Аруна 9-сынып – І орын, жектекшісі - Е.Белоус; Рашидова Алина 10-сынып – І орын, жетекшісі – Г.Рожко; Кошмамбет Лалия 11-сынып – ІІ орын, жетекшісі – Е.Белоус; Қазақстан тарихы пәні бойынша: Сейтбақ Мөлдір 9-сынып – ІІІ орын, жетекшісі – З.Алкереева; Реймова Айсана 10-сынып – ІІ орын, жетекшісі – З.Алкереева; ағылшын тілі пәні бойынша: Атыр Айзере 9-сынып – ІІІ орын, жетекшісі – Ж.Калдыкулова; Әрібжан Ақлима 11-сынып – ІІІ орын, жетекшісі – А.Елеусіз; неміс тілі пәні бойынша: Жапарғали Жания 9-сынып – ІІ орын, Жақыпбай Фатима 9-сынып – ІІІ орын, Мұратбек Амира 10-сынып – ІІ орын, Медеу Ділдана 10-сынып – ІІІ орын, жетекшісі – А.Әзімхан; өзін-өзі тану пәні бойынша: Аллаберген Тоғжан 10-сынып – ІІІ орын, жетекшісі – Г.Тыныбекова; құқық негіздері пәні бойынша: Есалы Еңлік 9-сынып – ІІ орын, Қалдарбек Алия 10-сынып – ІІІ орын, Сейтжан Аружан 11-сынып – ІІ орын, жетекшісі: З.Алкереева; француз тілі бойынша: Жұмабай Амина 10-сынып – ІІІ орын, жетекшісі – А.Әзімхан; химия пәні бойынша: Ерік Айша 9-сынып – І орын, Самат Ұлана 9-сынып – ІІІ орын, Сәмбет Нұрмекен 10-сынып – ІІІ орын, Аманбай Мөлдір 10-сынып – І орын, Берік Аянат 11-сынып – ІІІ орын, Жанболат Мөлдір 11-сынып – ІІІ орын, жетекшісі – С.Гаджиева; биология пәні бойынша: Мұратова Гүлназ 10-сынып – ІІІ орын, Дилдабекова Алина 11-сынып – ІІ орын, Бектасқызы Ақтоты 11-сынып – ІІІ орын, жетекшісі – Г.Бекбаева; физика пәні бойынша: Құрманбек Маржан 9-сынып – ІІІ орын, Мұхамед Амина 9-сынып – ІІІ орын, Артықбаева Камила 10-сынып – ІІІ орын, Рахымжанова Ботагөз 11-сынып – ІІ орын, жетекшісі - Д.Чижевская; география пәні бойынша: Иса Жауһар 9-сынып – ІІІ орын, Кадырхан Диана 10-сынып – ІІІ орын, Ақынбекқызы Ақжан 11-сынып – ІІІ орын, жетекшісі – А.Алина; математика пәні бойынша: Амантай Айтолқын 9-сынып – ІІІ орын, Рәсіл Ақнұр 9-сынып – ІІІ орын, Рахметова Элия 10-сынып – ІІІ орын, жетекшісі – Р.Сауытбай. Арнайы мадақтамамен марапатталған оқушылар тізімі: Абсат Әсел 9-сынып – қазақ тілі, Сағындық Көркемай 10-сынып – қазақ тілі, Оралбек Гүлдана 10-сынып – қазақ тілі, Арыстанбек Анеля 9-сынып – орыс тілі, Ибрагимова Софья 11-сынып – орыс тілі, Садуахас Жанель 9-сынып – Қазақстан тарихы, Айдилова Меруерт 10-сынып – Қазақстан тарихы, Динчер Сумейе 10-сынып – ағылшын тілі, Әшімхан Аружан 10-сынып – география, Рүстем Жания 11-сынып – география, Қызайымбек Айгерім 11-сынып – информатика, Ақпай Амина 11-сынып – математика.
Нәтижесінде пән олимпиадасының республикалық кезеңіне 10 оқушы жолдама алды. Атап өтсек, қазақ тілі пәні бойынша – 1 оқушы, орыс тілі пәні бойынша – 2 оқушы, неміс тілі пәні бойынша – 1 оқушы, Қазақстан тарихы пәні бойынша – 1 оқушы, құқық негіздері пәні бойынша – 1 оқушы, физика пәні бойынша – 1 оқушы, химия пәні бойынша – 2 оқушы, биология пәні бойынша – 1 оқушы болашақта пәндік негізде өз білімдерін сынға салғалы тұр. Оқушыларымызға және олардың жетекшілеріне сәттілік тілейміз!
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы желтоқсандағы
№ 988 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында
білім беруді және ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға
арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ» бойынша
«Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге
қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар
негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту,
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның
үлесін арттыру» мақсатын жүзеге асыру басты назарда
«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады», – К.Д.Ушинский. Адам баласы қандай мамандық иесі болмасын, қандай да бір жерде жұмыс атқармасын өзінің кәсібінің майталманы болуы керек, ал маманының майталманы болу үшін не керек? Әуелі, еңбек керек, ізденіс керек, өзін-өзі жан-жақты адам ретінде, тұлға ретінде дамытуға деген талпыныс керек.
Кәсібилік – ұстаздың психолого-педагогикалық, ғылыми-пәндік білім-біліктің мәдени-адамгершілік ұстанымдарыммен үйлесудің жоғары деңгейі. Кәсіби құзыреттілік – өз бетінше және жауапты әрекет жасауға мүмкіндік беретін белгілі бір психикалық жағдай, арнайы білімнің болуы, жалпы және арнайы эрудицияның болуы, ғылыми-кәсіби дайындығын үнемі жетілдіру, күнделікті іс-әрекетте міндеттерді шешу үшін еңбек субъектісінің кәсіби дайындығы және қабілеті. Ал мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі білім беру нәтижесін қамтамасыз ететін шешуші фактор, өз кезегінде, тіпті қоғам жағдайының сапалы өзгеруіне әсер етеді. Міне, сондықтан да, қазіргі педагог білім беру үрдісін ұйымдастырудың көпқырлылығы туралы білуі шарт. Яғни, педагог өз қызметіне қатысты инновацияларды, технологияларды, өзгерістерді жақсы меңгерген болуы қажет. Сонымен қатар, қазіргі кезде мұғалімге деген дәстүрлі көзқарастар өзгерді. Кез-келген педагог кәсіби және тұлғалық өсудің бірден-бір жолы – кәсіби өзін–өзі жетілдіру екенін түсінгені дұрыс. Ұстаздың жеке тұлғалық қасиеттері педагогикалық іс-әрекеттің ішкі мазмұнын құрап, шебер-ұстаз болып қалыптасуға аса қажет. Қазіргі таңдағы көптеген педагогтар өзінің кәсіби жетілуіне көп мән бермейді. Оны әртүрлі жағдайлармен байланыстырып жатады.
Осындай кәсіби дамытудың бір жолы – өз іс-тәжірибесімен әріптестерімен бөлісу. Біздің Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатында «АУЫЛ МЕКТЕБІ» жобасы бойынша, «KOMEK TIMES» жобасы негізінде серіктес ҚОСТӨБЕ ауылдық орта мектебінің педагог қызметкерлеріне әдістемелік көмек жобасын қолға алудамыз. Соның бірі – 19.02.2021 күні өткізілген жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде жүргізу бойынша әдістемелік көмек барысына тоқталып өтсек. Атап айтсақ, Гаджиева Севда Жауатовна – химия пәнінің мұғалімі, педагог-шебер 9-сынып оқушыларына оффлайн «Азот қышқылының химиялық қасиеттері» - «Chemical properties of nitric» тақырыбында, Чижевская Дарья Константиновна – физика пәнінің мұғалімі, педагог-шебер 9-сынып оқушыларына оффлайн «Колебания математического и пружинного маятника»- «Oscillations of simple and spring pendulums» тақырыбында,
Бекбаева Гулим Кисенбаевна – биология пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы 9-сынып оқушыларына оффлайн «Gene interactions»- «Ген интеракциясы» тақырыбында, Шигланова Гульнур Сериковна – математика пәнінің мұғалімі, педагог-модератор 11-сыныпқа оффлайн «Қосу формулалары» - «Sum and difference identities» тақырыптарында ашық сабақтар беріп, жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде жүргізу негізінде педагог қызметкерлерге әдістемелік көмек көрсетті. Қостөбе орта мектебінің оқушылары да сабақ барысында белсенділік таныта білді. Әріптестерімен әдіс алмасу негізінде өзара іс-әрекеттер жасалынып, оқу үдерісіне сай сабақ құрылымына, оқу мақсатына, бағалау жүйесіне, оффлайн және онлайн сабақтар топтамасына ұсыныстар да айтылды. Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты директорының орынбасары Г.И.Сегізбаева сөз кезегінде ұжымда атқарылып жатқан іс-шаралар топтамасымен бөлісе отырып, қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы пәндер бойынша да, тәрбие бағыты бойынша да іс-тәжірибе алмасу жалғасатындығын атап өтті.
Бұл іс-шараны қорытындылау барысында Қостөбе орта мектебінің директоры Н.С.Мамырбаев Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернат директоры Н.Б.Болтаевқа өз ризашылығын білдірді.
Ақпан айының 5-6 жұлдызында Жамбыл облысы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ұшқыр ой алаңы» атты облыстық пікірсайыс турнирі өткізілді. Мақсаты – республикалық турнирге қатысатын фракцияны іріктеу, үздік дебатшыларды анықтау, мәдениетті, сауатты сөйлей білуге баулу.
Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты «Дегдар» дебат үйірмесінің «Дегдар» фракциясы – 10-сынып оқушылары Бахыт Аружан, Калдарбек Алия мен «Парасат» фракциясы – 9-сынып оқушысы Есиркеп Диана мен 10-сынып оқушысы Ерик Балауса қатысты. Облыстық турнирге 10 фракция қатысты. Бірінші турнир онлайн форматта өткізілді. Жартылай финалға «Болашақ фемида», «Дегдар», «Жалын», «Талап» командалары өтті. Жартылай финал ойынының ақтық кезеңінде «Дегдар» мен «Жалын» фракциясы ойнап, «Дегдар» командасы жеңіске жетті. «Дегдар» фракциясы республикалық кезеңге жолдама алды. Қыздарымызды кезекті жеңісімен құттықтаймыз.
Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған “БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” лицей-интернатында 9-11 сынып оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ МЕКТЕПІШІЛІК КЕЗЕҢІ өтті. 2021 жыл 10 ақпан орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша оқушылардың жұмысы.
Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған “БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” лицей-интернатында 9-11 сынып оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ МЕКТЕПІШІЛІК КЕЗЕҢІ өтті. 2021 жыл 9 ақпан география, информатика, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша оқушылардың жұмысы.
«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ-ның ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оқушылар арасында «КӨҢІЛДІ ТАПҚЫРЛАР ЛИГАСЫ» АЙМАҚТЫҚ ойындары Дарынды ұл балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатында өткізілді. КТЛ мақсаты мен міндеті:
- Сапалы, мағыналы әзілдер ойлап табу, көрсету, айту;
- Бәсекелестік арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен сыни ойлау дағдыларын дамыту;
- Дүниетаным, сыни, креативті көзқарас пен рухани құндылықтарды өрістетін дағдыларды жетілдіру. Сайыс кезеңдері төмендегідей болды
1) Бастауыш (Сәлемдесу) - командаңызды және қалаңызды таныстыру (уақыт тәртібі (регламент) 4 минут.) Бағалау критериясы - минимум 5 ұпай, максимум 10 ұпай.
2) Оқиғалық ширату (Ситуационная разминка) - әділқазылардан оқиғалық жағдай ойнатылады және командалар 30 секунд ішінде тапқырлықпен және әзілмен жауап қайтару керек. Бағалау критериясы - минимум 5 ұпай, максимум 10 ұпай.
3) Еркін сайыс (Фристайл) - үй тапсырмасы, музыкалық үй тапсырмасы, видео-сайыс, сәлемдесу, т.с.с сайыстарды ойнауға болады. Уақыт тәртібі 3 минут. Бағалау критериясы - минимум 5 ұпай, максимум 10 ұпай.
Өзара ұтымды әзіл мен тартысты ширатуға толған ойынға Қызылорда ұл, Қызылорда қыз, Тараз ұл, Айша бибі, Шымкент ұл, Шымкент қыз, Кентау, JIC, Тараз IT командалары қатысты. Айша бибі дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының «Айша бибі БИЛ» командасы ІІІ Дәрежелі Дипломмен марапатталды. Ақылы мен әзілі тұла бойында тоғысқан қыздарымызды – Ауданбек Саида, Сағымбек Аяна, Өзаман Аяжан, Рәсіл Ақнұр, Садуақас Жанельді жеңістерімен құттықтаймыз.
2020-2021 оқу жылында «Құндылыққа негізделген мектеп» жобасы бойынша лицей оқушылары мен ұстаздарының кітап оқуға құлшынысын арттыру мақсатында «Kitapp space» атты кітап қосымшасы қолға алынған. Жобаның мақсаты - «Kitapp space» атты кітап қосымшасын үздіксіз қолдану арқылы күнделікті кітап оқу дағдысын қалыптастыру, сауатты сөйлей білу мәдениеті мен әлемдік және ұлттық әдеби-мәдени жәдігерлерімен таныстыру. 2-тоқсан қорытындысы бойынша 10-сынып оқушысы – Алтынханова Әдемі «Белсенді оқырман», 7-сынып оқушысы – Божбанбай Аида «Үздік оқырман» номинациямен марапатталды. Арнайы Дипломмен және сыйлықпен марапатталып, естелікке суретке түсті.
Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты жаңа оқу жылын тарихи оқиғамен бастады. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, педагог-шебер, «Үздік педагог-2019» байқауының жеңімпазы, ұлағатты ұстаз – Аманжолова Зоя Сүлейменқызы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі елеулі табысы үшін «ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН» белгісімен марапатталды.
Аманжолова Зоя - қазақ тілі мен әдебиеті пәнін жетік меңгерген, теориялық білімі жеткілікті, әдістемелік тәжірибесі жан-жақты маман. Жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беруде үлкен нәтижелер мен жетістіктер көрсетті. Зоя Сүлейменқызы еңбек жолын директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметімен бастады. Мектепте атқарған мұғалімдік қызметі барысында облыстық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарының жүлдегерлерін дайындады. Мұғалім «Арман-ПВ» баспасынан шыққан 11-сыныптың жаратылыстану-математикалық бағытына арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторы. Мұғалім 2010-2011 жылдары қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен толық бейнекурсты әзірледі. Облыстық, республикалық байқауларда, қазақ тілі пәнінен өткізілген әдістемелік семинарларға қатысып, баяндама, коучинг, шеберлік сыныптарын жүргізді. «Оқушыларды Ұлттық Бірыңғай тестілеуге дайындаудың тиімді әдіс-тәсілдері» деген тақырыпта облыстық семинарда баяндама жасады. «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Педагогтардың кәсіби құзіреттілігі мен инновациялық тұрғыдан ойлауын қалыптастыру» атты Республикалық оқу семинарында ашық сабақ көрсетіп, шеберлік сыныбын көрсетті. «Білім сапасын арттыру негізі – нәтижеге бағытталған білім» тақырыбындағы облыстық әдістемелік десантқа қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті. «Қазақ әдебиеті сабақтарында ежелгі дәуір әдебиетін оқыту әдістемесі» тақырыбында облыстық семинарда шеберлік мектебін өткізді. Мұғалім 2020 жылы облыс мұғалімдеріне онлайн сабақ түсіріп, облыстық вебинарларда өз тәжірибесімен бөлісіп отырады. Аманжолова Зоя - республикалық оқулық сараптау комиссиясының және қорытынды аттестаттау материалдарын дайындау тобының тұрақты мүшесі.
Ұлтжанды шәкірт тәрбиелеудегі ұстаздың ұстанымы бізге үлгі. Талай шәкірттің қанатын қатайтып, өмірден өз орындарын табуына ұстаздық қызметі мен аналық махаббатын арнаған Зоя апайға деген түлектердің құрметі толастаған емес.
Жаңа оқу жылындағы бұл марапат лицей-интернат ұстаздарының адами капитал тәрбиелеудегі ерен еңбектеріне күш-жігер беретін ерекше құбылыс болды.
Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатында мамыр айының 14 жұлдызында «TALKYlike» бағдарламасы аясында «Олимпиадаға дайындық – өмірге дайындық» тақырыбында "БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ" Халықаралық қоғамдық қорының президенті – Дархан Өте мырзамен сұхбат жүргізілді. Мақсаты: жеке тұлғаның қалыптасу жолында білім мен дағдының атқаратын рөлі, интеллектіні дамытуда мамандық пен қабілеттің үйлесуі, дарындылықты шыңдау мен кемелдікке жету жолында уақытпен санасып жоспарлы түрде жұмыс жасай білу тәртібін қалыптастыру көзделді. «Құндылықтар жүйесінде білімді жоғары қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген қағиданы ұстанатын ойы ашық, мақсатын айқын 200-ге жуық лицей-интернат оқушылары қатысып, толғандырған сауалдарын қойды. Іс-шара онлайн байланыста 1 сағатқа созылды. Жиын соңында лицей-интернат директорының бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары Алина Аманкештің алғыс айтуымен өз мәресіне жетті.